23 желтоқсан күні Облыстық балалар кітапханасында «Кітапхана түні — 2022» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Бұл кешке кітапхананың тұрақты оқырмандарымен қатар қала мектептерінің оқушылары, ата-аналар, ұстаздар келді.
Мақсаты: Кітапханаға келушілер санын ұлғайту, оқырмандардың рухани және интеллектуалдық дамуын кітап оқу арқылы арттыру.
Кітапхана іші түн бейнесімен безендіріліп, арнайы слайд дайындалып, түрлі дәстүрлі емес кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Шара ең алдымен кітапхана фаесінде ұйымдастырылған «Кітап әлемі» атты көрме жанында фотосессиямен басталды. Шара жүргізушісі- кітапханашы Лесбай Т. келушілерді емін-еркін мұрағат қоймаларын аралатып, олар кітапхана қызметкерлерінің дайындаған түрлі тосын сыйларға куә болды. Атап айтатын болсақ, оқырмандарды кітаппен қамту бөлімдері оқырмандардың жас ерекшелігіне сай «Кітапханаға жазылуға асық» атты флеш-галереясына жаңа оқырмандарды тіркеп, содан соң кітап қорын сақтау және толықтыру бөлімі «Ойлан,ізде, тап» атты қызықты квест ойынын ұйымдастырды. 5-9 сынып оқырмандарын кітаппен қамту бөлімі дайындаған “Кітап әлемі-ғажап әлем” библиошар ойыны оқырмандардың қызығушылығын арттыра түсті. Кітапхананың оқу залында «Мен қай кітаппын» брин ринг, “Менің сүйікті кітабым” әдеби лото ойыны өткізілді.Келушілердің кішкентайлары ертегі бөлмесінде «Сәулетті үйшік» ертегі қойылымын тамашаласа, 5-9 сынып оқырмандарын кітаппен қамту бөлімінің ұйымдастырған А.Байтұрсынұлының «Қырық мысал» атты кітабынан көрініс көпшілікті қызықтырды. Сонымен қатар Өнер секторы «Әуенді тап» караокемен ән шырқау, «Қазақтың салт-дәстүрлері» викториналық ойын, 1-4 сынып оқырмандарын кітаппен қамту бөлімі «Балалар қылқаламынан» сурет салу сайысын, “Балаларға базарлық” сканворд шешу өткізді.
Шара соңында оқырмандар өз алғыстарын білдіріп, «Кітапхана түніне» келушілер барлығы кітапхана атынан берілген сыйлықтармен тарқасты.
Қазақ тілі
Русский





