Облыстық балалар кітапханасының А.Құнанбайұлының
180 жылдық мерейтойына арналған іс-шарасы
Тамыз айының 3-ші жұлдызында облыстық балалар кітапханасының қызметкерлері «Жастар» саябағында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай республикамыздың барлық қалаларында ұйымдастырылған «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш өткізді.
Бұл шараның басты мақсаты – бүгінгі жас ұрпақты ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев шығармаларымен таныстыру, ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, адалдыққа баулу, Абайдың рухани асыл мұрасына қызығушылығын арттыру.
Мәдени шара барысында кітапхананың әдістемелік бөлім қызметкерлері «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, библиографиялық шолу жасады. Өнер секторының кітапханашысы А.Мұхамбетова А.Құнанбаевтың жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдерінен: жаз, күз, қыс, көктем үзінділер оқып, балалар сол тақырыпта жыл мезгілдерінің суретін салып, оны сипаттап, атап берді. Ал, 5-9 сынып оқырмандарын кітаппен қамту бөлімінің қызметкерлері «Библиошар» сұрақ-жауап форматындағы танымдық ойын ұйымдастырды. Қатысушы оқырмандар шар ішінде жасырылған Абай әлеміне қатысты сұрақтарға дұрыс жауап беріп, сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, кітапхана қорына түскен жаңа кітаптардан көрме жасақталды.
Қатысушы балалардың бірі Абайдың лирикалық әндерін орындаса, енді бірі өлеңдерін жатқа оқыды. Күй өнерінің шебері – тұрақты оқырманымыз күмбірлете күй орындады. Бірде-бір оқушы еш мүдірместен, Абай өлеңдерін бірінен-соң бірі жалғастырып, мәнерлеп айтып берді. Болашақта да Абай өлеңдерін тек жаттап қана қоймай, бойына сіңіріп, рухани шабыттана айтатын шәкірттеріміз көп болғай!
Шара соңында балалардың кітап оқуға деген ықыласы артып, ұлы ақынның баға жетпес мол мұрасы арқылы ой-саналарын дамытып, Хакімнің дүниетанымымен жақынырақ танысып, өлеңдері мен қара сөздері жас ұрпақты зұлымдыққа емес, ізгілікке тәрбиелейтінін көкейлеріне түйіп тарасты.
Қазақ тілі
Русский